"Жас батыр үздігі - 2022" марапаттау рәсімінде еліміз бен облыстың абыройын әлемдік ареналарда қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген жас ұландар ұлықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айбек Имашев пен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов арнайы қатысты.
Бұқаралық спорттың өрістеуіне септесіп, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген, өңірдің мерейін өсіруге өзіндік үлесін қосқан жастар Маңғыстау облысы әкімінің, өңір басшысы орынбасарының, Ақтау қаласы әкімінің және "Жас батыр" спорт мектебінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі Талғат Есекеновқа, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі Жомарт Сындаргүл Жомартқа табысталды.
Сондай-ақ спорт мектебінің жетістіктеріне ақпараттық қолдау көрсеткен өңірлік БАҚ өкілдері марапатталды.
Салтанатты іс-шара спортшылардың арнайы бағдарламасы мен көрермен көңілін серпілткен концертке ұласты.